5.1. Электрондық ақшамен операцияларды жүзеге асыру үшін Клиент Жүйеде Клиенттің идентификаторы ретінде пайдаланылатын ұялы телефон нөмірін ұсынуға міндетті. Клиент ұсынған ұялы телефон нөмірінің негізінде Жүйеде Клиенттің Әмияны құрылады және/немесе айқындалады, ол арқылы Клиентке тиесілі Электрондық ақшаның есебі жүргізіледі және осы Шартта көзделген операциялар жүзеге асырылады. Электрондық ақшаны өткізу және/немесе шығару Клиент қажетті мәліметтерді ұсынғаннан және Жүйеде белгіленген рәсімдерді орындағаннан кейін Клиенттің Әмиянына жүзеге асырылады. Клиентке Шарттың 4-тарауына сәйкес сәйкестендіру рәсімінен өту нәтижелеріне қарай тиісті мәртебе беріледі. Агенттің инфрақұрылымын пайдалана отырып операция жүзеге асырылған кезде Агент Клиенттен қажетті мәліметтерді қабылдайды және Оператор мен Агент арасындағы шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарында белгіленген тәртіппен олардың Операторға берілуін қамтамасыз етеді. Агенттің инфрақұрылымын пайдалана отырып Электрондық ақшаны өткізу және/немесе шығару кезінде Электрондық ақша Клиент ұсынған ұялы телефон нөмірі бойынша сәйкестендірілетін Клиенттің Әмиянына есепке жатқызылады.
5.2. Оператор Жүйеде көзделген аутентификация және Клиент өкімдерін растау тәсілдерін, оның ішінде Клиенттің ұялы телефон нөміріне жіберілген бір реттік код (OTP) арқылы операцияны растауды қолдануға құқылы.
5.3. Электрондық ақшаны сатып алу – Электрондық әмиянды толықтыру. Клиент Электрондық ақшаны сатып алу және Электрондық әмиян Балансын толықтыру мақсатында Терминал арқылы, Банктің/Серіктестің/Агенттің Төлемдерді қабылдау орнындағы кассасына немесе кез келген өзге заңды және қолжетімді тәсілмен ақша енгізу арқылы Эмитент-Банктің пайдасына ақша енгізеді. Клиентке Электрондық ақшаны сатып алудың өзге де тәсілдері, оның ішінде Агенттердің инфрақұрылымын онлайн режимде пайдалану арқылы сатып алу қолжетімді. Бұл ретте Электрондық ақшаны пайдалана отырып жекелеген операциялар шеңберінде Жүйеде тауарларды/жұмыстарды/қызметтерді ұсынатын Төлем алушылардың өздері (заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер) Агенттер ретінде әрекет ете алады.
5.4. Клиенттің Электрондық ақшаны сатып алу үшін енгізген ақшасын Эмитент-Банктің алғанын растау Клиенттің электрондық әмиянының интерфейсінде электрондық түбіртектің пайда болуы/Клиенттің оны алуы болып табылады. Бұл ретте Клиенттің электрондық әмиянында қолжетімді Электрондық ақша сомасы туралы ақпарат көрсетілген сәттен бастап Электрондық ақша Банк айналымға шығарған болып есептеледі. Осы тармақтың талаптары электрондық ақшаны рұқсатсыз шығару жағдайларына қолданылмайды.
5.5. Шарт жасалған және Клиент ақша енгізген сәттен бастап Эмитент-Банк өзі шығарған Электрондық ақшаны олардың Қазақстан Республикасының теңгесіндегі номиналдық құнына сәйкес өтеу, сондай-ақ Клиентке Қызмет көрсету бойынша сөзсіз және қайтарып алынбайтын ақшалай міндеттемені өзіне қабылдайды. Қызметті тиісінше көрсету үшін Эмитент-Банк Клиент алдын ала енгізген ақша сомасы мөлшерінде, Эмитент-Банкке тиесілі комиссияны шегере отырып, Электрондық ақшаны шығаруға, ал Оператор оны Электрондық әмиян Балансында көрсетуге міндеттенеді.
5.6. Шарт жасалған сәттен бастап Клиентте туындайтын талап ету құқықтарын Клиент үшінші тұлғаларға бере алмайды.
5.7. Банктің Клиентке көрсететін қызметі мыналарды қамтиды:
• Электрондық ақшаны мынадай жолмен сатып алу:
• Клиентті Оператордың Жүйесінде тіркеу;
• Клиенттің сатып алынатын Электрондық ақшаның номиналдық құнына баламалы сомадағы ақшаны (егер Банк комиссиясы алынатын болса, оны шегере отырып) Терминал арқылы, Банктің/Серіктестің/Агенттің Төлемдерді қабылдау орнындағы кассасына немесе кез келген өзге қолжетімді тәсілмен Эмитент-Банктің пайдасына енгізуі.
5.8. Электрондық ақшаны Клиент мынадай жолдармен пайдаланады:
5.6.1. Жүйе шеңберінде Жүйе Қатысушылары арасында Электрондық ақшаны айырбастау не Клиенттің Электрондық ақшаны Жүйенің басқа Қатысушысына беруі;
5.6.2. Электрондық ақша Төлем құралы ретінде қолданылатын азаматтық-құқықтық мәміле бойынша Төлем ретінде Клиенттің Электрондық ақшаны Жүйенің басқа Қатысушысына беруі.
5.7. Электрондық ақшаны өтеу мынадай жолмен жүзеге асырылады:
5.7.1. Клиент көрсеткен ағымдағы шотқа ақшаны қолма-қол ақшасыз аудару.
5.7.2. Клиент өзіне тиесілі Электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының заңнамасында және Жүйе Қағидаларында көзделген тәртіппен өтеуге ұсынуға құқылы.
5.7.3. Электрондық ақшаны өтеуді Эмитент жүзеге асырады.
5.7.4. Электрондық ақшаны өтеу үшін Клиент қажетті мәліметтер мен деректемелерді ұсынады.
5.7.5. Электрондық ақшаны өтеу кезінде берілетін ақша сомасы, егер мұндай ұстап қалуға Қазақстан Республикасының заңнамасында жол берілсе, өтеуге ұсынылған Электрондық ақшаның номиналдық құны негізінде Эмитент-Банктің көзделген комиссиялық сыйақысын шегере отырып айқындалады.
5.7.6. Электрондық ақшаны өтеуді Электрондық ақшаның Эмитент-Банкі олардың номиналдық құнына тең ақша сомасын сәйкестендірілген Электрондық ақша иесі – жеке тұлғаның ағымдағы шотына аудару немесе оған қолма-қол ақша беру арқылы жүзеге асырады.
5.7.7. Электрондық ақшаның Эмитент-Банкі жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға Клиенттерден (жеке тұлғалардан) азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлем ретінде алған Электрондық ақшаны олардың пайдасына Электрондық ақша келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтейді, егер Оператор мен жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға арасында жасалған шартта өзге мерзім көзделмесе.
5.7.8. Клиенттің Банкке қоятын талаптарының жалпы сомасы Электрондық әмиян Балансының қолжетімді қалдығынан аспауға тиіс.
5.7.9. Клиент Электрондық ақшаны пайдалана отырып Төлемдерді жүзеге асыру туралы Өкімде көрсетілген ақпараттың дұрыстығына жауапты болады және Электрондық ақшаны пайдалана отырып Төлемдерді жүзеге асыру туралы Өкімде қате деректер көрсетілген жағдайда Банктің Шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты Банкке қандай да бір шағым қоюға құқылы емес.
5.7.10. Тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге ақы төлеу. Клиент өзіне тиесілі Электрондық ақшаны электрондық ақшаны төлем құралы ретінде қабылдайтын Жүйе қатысушыларынан тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді төлеу үшін пайдалануға құқылы.
5.7.11. Клиент Операторға өзіне тиесілі Электрондық ақшамен Төлем алушының пайдасына төлемді жүзеге асыру туралы операциялық тапсырма жібереді. Төлемді жүзеге асыру операциясы Төлем алушыдан Электрондық ақшаның есепке жатқызылғаны туралы хабарлама, ал Клиент төлемнің сәтті аяқталғаны туралы хабарлама алған сәтте аяқталған болып есептеледі. Төлемді жүзеге асыру туралы өкімді орындау Клиенттің Әмиянында көрсетілетін Электрондық ақша сомасының төлем сомасына және, бар болған жағдайда, комиссия сомасына азаюына әкеп соғады.
5.7.12. Жүйе тиісті операцияның сәтті жүргізілгені туралы растауды алғаннан кейін Төлем жасалған болып есептеледі.
5.7.13. Төлемді жүзеге асыру үшін Электрондық ақша жеткіліксіз болған жағдайда, егер Жүйе Қағидаларында өзге тәртіп көзделмесе, операция жүргізілмейді.
5.7.14. Төлем сәтті жүргізілгеннен кейін төлем сомасына сәйкес келетін Электрондық ақша сомасы Клиенттің электрондық әмиянынан есептен шығарылады.
5.8. Қайтару тәртібі мен талаптары.
5.8.1. Төлемнің күшін жоюға, тауарды қайтаруға, тауардан, жұмыстан немесе қызметтен бас тартуға байланысты не Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Клиент пен Төлем алушы арасындағы шартта көзделген өзге де негіздер бойынша Клиентке ақшаны қайтару үшін негіздер туындаған жағдайда, ақшаны қайтаруды Төлем алушы осы Шартта, Қағидаларда және Төлем алушы мен Клиент арасындағы шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен жүзеге асырады.
5.8.2. Клиент Электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырған төлем бойынша ақшаны қайтару Электрондық ақшаны Клиенттің Әмиянына есепке жатқызу арқылы жүзеге асырылмайды. Оператор қайтарылатын соманы Клиенттің Әмиянына есепке жатқызбайды.
5.8.3. Ақшаны қайтаруды Төлем алушы Жүйеде қолжетімді қайтару тәсілдері арқылы жүзеге асырады, оның ішінде, бірақ олармен шектелмей:
- егер мұндай қайтару тәсілі тиісті операция үшін қолжетімді болса, бастапқы төлем жасалған Клиенттің банктік төлем картасына ақша аудару арқылы;
- Электрондық ақшамен жасалатын операциялардың түріне қарай ұялы байланыс операторлары да, Төлем алушылар да бола алатын Агент арқылы;
- Оператор мен Жүйенің өзге қатысушылары арасында белгіленген шарттық қатынастар шеңберінде Жүйе тікелей рұқсат ететін өзге тәсілдермен.
5.9. Ақшаны қайтару үшін Клиент бастапқы төлем жасалған Төлем алушыға тікелей жүгінеді және қайтару туралы өтінішті қарау үшін қажетті мәліметтерді ұсынады.
5.10. Төлем алушы Клиенттің өтінішін дербес қарайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақшаны қайтару үшін негіздердің бар-жоғы туралы шешім қабылдайды.
5.11. Ақшаны қайтару туралы шешім қабылданған кезде Төлем алушы Жүйеде белгіленген тәртіппен қайтаруға өтінім қалыптастырады және тиісті операция үшін қолжетімді қайтару тәсілін көрсетеді.
5.12. Клиенттің банктік төлем картасына қайтару жүзеге асырылған жағдайда, ақшаны қайтаруды Төлем алушы төлем жүйесінің қағидаларын, қызмет көрсету талаптарын және операция қатысушыларының техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, тиісті төлем инфрақұрылымы арқылы жүзеге асырады.
5.13. Ақшаны Агент – ұялы байланыс операторы арқылы қайтарған жағдайда Төлем алушы тиісті операцияға бастамашылық жасайды, оның нәтижесінде, мұндай қайтаруды жүзеге асыруға техникалық мүмкіндік болған жағдайда, Агент ақшаны бастапқы операцияны жүзеге асыру кезінде пайдаланылған Клиенттің ұялы телефон нөмірінің балансына есепке жатқызады.
5.14. Таңдалған тәсілмен қайтаруды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, егер мұндай қайтаруды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңнамасы және тиісті инфрақұрылымның техникалық мүмкіндіктері жол берсе, Төлем алушы мен Клиент қайтарудың өзге тәсілін келісуге құқылы.
5.15. Клиентке қайтарылуға жататын ақша мөлшері мен қайтару мерзімдерін Төлем алушы Төлем алушы мен Клиент арасындағы шарт талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.
5.16. Бастапқы төлемді жүзеге асыру кезінде төлем қызметтерін көрсеткені үшін ұсталған комиссиялар, сондай-ақ Агенттің комиссиялары, егер олар алынған болса, Қазақстан Республикасының заңнамасында, тиісті операцияның талаптарында немесе тараптар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қайтарылмайды.
5.17. Ақшаны қайтару қажеттілігі техникалық ақау, қате немесе Оператор тарапынан міндеттемелердің тиісінше орындалмауы салдарынан туындаған жағдайда, Оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Шартқа және Қағидаларға сәйкес мұндай ақаудың немесе қатенің салдарын жою үшін өз құзыреті шегінде қажетті шараларды қабылдайды.
5.18. Клиент алушының деректемелерін немесе төлемді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де мәліметтерді қате көрсеткен жағдайда, ақшаны қайтару тиісті операцияны болдырмаудың немесе қайтарудың техникалық мүмкіндігін ескере отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Шартта және Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
5.19. Оператор Төлем алушы мен Клиент арасындағы шарттың тарапы болып табылмайды және ақшаны қайтару қажеттілігі техникалық қатеден немесе Оператор тарапынан өзге де бұзушылықтан туындаған жағдайларды қоспағанда, ақшаны қайтару үшін негіздердің бар-жоғы туралы шешім қабылдамайды.
5.20. Оператор өз құзыреті шегінде операция қатысушыларының техникалық өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді және егер мұндай мән-жайлар Оператордың әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен туындамаса, Төлем алушының ақшаны қайтарудан бас тартқаны немесе Төлем алушының қайтару мерзімін бұзғаны үшін жауапты болмайды.
5.21. Клиент Электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалған төлем бойынша ақшаның Клиенттің Әмиянына қайтарылмайтыны туралы хабардар және онымен келіседі. Қайтаруды Төлем алушы осы бөлімде көрсетілген тәсілдердің бірімен жүзеге асырады.
5.22. Электрондық ақшаны Агент – ұялы байланыс операторы арқылы қайтарған жағдайда, Клиент Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптары сақталған және тиісті операцияны жүзеге асыруға техникалық мүмкіндік болған кезде тиісті соманың төлемді жүзеге асыру кезінде пайдаланылған ұялы телефон нөмірінің балансына есепке жатқызылуына келісетінін растайды. Оператор мен Жүйенің осындай қатысушылары арасында тиісті шарттық қатынастар болған жағдайда, Клиентке Электрондық ақшаны Жүйенің өзге қатысушылары арқылы қайтарудың басқа тәсілдері де қолжетімді.